Намазды жаңадан бастағандарға 12 кеңес
Бүгінде таңғы тәтті ұйқыңызды Алла разылығы үшін қиып, жылы төсектен көтеріліп, дәрет алып, жүзіңізді құбылаға бұрып, сәждеден бақыт, жан тыныштығын тауып жүрсеңіз – бұл Жаратушының сізге берген үлкен нығметі деп біліңіз. Себебі, «Алла Тағала байлықты сүйген құлына да, сүймеген құлына да береді, ал иманды тек сүйген құлына береді». Ол сізді тура жолға түсірді, енді тек сонымен адаспай жүру міндеті күтіп тұр. Ал намаз – дініңіздің тірегі, иманыңыздың өлшем бірлігі. Уықсыз шаңырақ құлап қалатыны секілді, дініңіз де намазсыз ойсырап қалмақ. Намазды аялау – әрбір мұсылманның борышы. Себебі, адам намазды емес, намаз лайық болмаған адамды тастап кетеді. Ол үшін не істеу керек? Қандай амалдар жасаған жөн? Сауалыңызға жауап ретінде бүгінгі жазбамызда намазды жаңадан бастаған адамдарға кеңестер айтпақпыз.
Намаз оқушы – Раббысымен бес уақыт кездесіп, бес уақыт тілдесуші секілді. Бұл «кездесу» аса ықтиярлықты, жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да, намаз уақыттарын есіңізден шығарып алмаңыз. Бөлмеңізге намаз кестесін іліңіз немесе ұялы телефоныңызға намаз уақытынан хабар беретін түрлі бағдарламаларды жүктеп алуға болады.
Намазға келмес бұрын, «сәжде рақаты, намаз тыныштығы» деген ұғымдарды жиі естідіңіз. Бәлкім, намазға тұрғанда айналадағының бәрін де ұмытып кетемін деп ойлаған да шығарсыз. Алайда, намаз уақытында ойыңыз сан-саққа жүгіретін болып шықты. Өзгелердің сөзін ести алатындығыңызға таңғалдыңыз ба? Нәтижесінде, ләззат алудан қалып барасыз. Намаз сондай қиын амал сияқты көріне бастаған да болар... Сізге иманыңызды азықтандыру қажет. Адам тамақсыз өлетін секілді, иман да тамақсыз күш-қуатынан айырылады. Иманның азығы немесе күшейту құралдары ретінде төмендегілерді атап өткіміз келеді:
- Құран аяттарын түсініп оқу;
- Парыз намаздарға ықыластылық таныту;
- Пайғамбардың өмір жолын оқу;
- Дұға, нәпіл құлшылықтарды арттыру;
- Иманды күшейтетін әсерлі кітаптарды оқу;
Құлшылықтағы ықыласты, тақуалықты, ихсан дәрежесін (сен Алланы көріп тұрғандай немесе Алла сені көріп тұрғандай құлшылық ету) Алла Тағаладан сұраңыз. Себебі, жүректердің Иесі – Алла. Иманы ең кәміл, ең тақуа болған Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Я, жүректерді Өзгертуші! Жүрегімді Өзіңнің дінінде бекем ете гөр!» деп дұға жасайтын болған. Ал Жаратушымыздың иман келтіргендерге үйреткен дұғасы мындай: «Раббымыз! Бізді тура жолға түсіргеннен кейін жүректерімізді ауытқытпа және бізге Өзіңнен бір мейірім сыйла. Ақиқатында, Сен – Сый берушісің». («Әли Имран» сүресі, 8-аят). Әр нәрсеге Күші жетуші Алладан ісіңізге жеңілдік сұраңыз.
Адам намазға ниеттенгенде шайтандардың басшысы болған Ібілістің өзі іске кіріседі екен. Сондықтан, түрлі теріс ойлардың болуы қалыпты жағдай. Шайтанның қақпанына түспеудің тағы бір жолы – намаз оқитын кісілермен бірге болу, жамағатқа ұмтылу. Иіліп тұрған жас шыбық алғашқы дауылда сынып қалмас үшін, оның тамырын қатайту керек. Ал тәжірибесі, білімі бар кісілердің көркем уағызы сізге көмектеседі. Білмегеніңізді сұрау – ешқашан ұят емес, керісінше, иманды кісі көмек сұрағаныңызға қуанатын болады. Орта – адамның жүрегіне, тәрбиесіне, мінез-құлқына әсер етеді. Дана да, дара Абай: «...Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» дейді емес пе? (19-қара сөз).
Алғашқы кезеңде жамағатпен жиі намаз оқу, мешітке жиі бару да үлкен әсерін береді. Және мұны онан кейін де әдетке айналдырсаңыз нұр үстіне нұр болар еді. Жамағатта болу шайтанның үрейін туғызады әрі Алланың ризашылығына жеткізеді. Алла Елшісі бұл туралы: «Ақиқатында, қасқыр отардан бөлінген қойды жейді» (Әбу Дәуіт) және «Кім Жәннаттың ортасын қаласа жамағатта болсын: расында, шайтан бір адаммен болады, ал екі адамнан алыстайды» (Ахмад, Тирмизи) дейді. Сондай-ақ, намазды да жамағатпен оқу абзал. Бұл туралы мынадай хадис бар: «Бір ауылдағы немесе шөлдегі үш адам жамағат болып намаз оқымаса, шайтан оларға билік жүргізеді. Сондықтан да, намазда жамағатпен болыңыздар, қасқыр да отардан бөлінген қойды жейді». (Әбу Дәуіт, Тирмизи).
Намазда оқылатын дұғалар мен сүрелердің қазақша мағынасына көңіл қойыңыз. Әйтпегенде, тап бір робот секілді әрекет ететін боласыз. Ойлаңызшы, бастығыңыздың алдында тұрып, не айтып жатқаныңызды білмесеңіз, қандай күйде болар едіңіздер? Сол себепті, әлемдердің Раббысының алдында айтатын әрбір сөзіңіз жүректен шықса, сауабы көп әрі пайдасы шаш-етектен болмақ. Бұл – намаз рақатын сезінудің бір жолы дер едік.
Қыс мезгілінде намаз бастаған болсаңыз, намаздағы жеңілдіктерге ден қойып, зерттеу жүргізіңіз. Білім иесіне сауалдарыңызды қойыңыз. Адамды жаратқан Алла құлының жай-күйін, хал-ахуалын оның өзінен артық жақсы біледі. Соған сәйкес құлшылықтарды да жеңілдетіп, ақылға сыйымды ретпен оңайластырған. Мәселен, дәрет алуға мүмкіндік жоқ кезде (ауру, сапар, күннің суықтығы т.б) «тәяммум» (топырақпен немесе шаңмен білегіңізді, бетіңізді сипайсыз) алуға рұқсат етіледі Ұйқыдан тұрып, дәрет қыспаса немесе дәретті жел шығарып, бұзып қойған жағдайда дәретханаға бару шарт емес. Бірден сумен қол-аяғын жуып дәрет ала береді. Дәретханада (үлкен не кіші дәрет сындырғанда) суық тиіп ауырып қалудан қорықса, су орнына қағаз не топырақ пайдалануға болады.
Кез келген қарым-қатынас таныстықтан басталады. Бұл да намазға қатысты дер едік. Кейде ұзақ уақыт кездеспеген достарымызбен алғашқыда аз сөйлесеміз емес пе? Немесе бірінші сынып оқушысына алгоритм, тригонометрияны оқытса қалай болар еді? Осы секілді, үлкен амалдарға ұмытыламын деп, намаздың ләззатын сезіну мүмкіндігінен мақрұм қалмаңыз. Сізге күн сайын тәхаджуд намазына тұру, әр намазды мешітте оқу – парыз емес. Кейде қарындастарымыздан «Орамал тақпағанның намазы қабыл болмай ма?» деген сауалдар да келіп түседі. Ең алдымен Алламен жақынырақ танысуға назар аударыңыз. Адам Жаратушысын жақсы танып, жүрегінде Оған деген махаббатты, қорқынышты, үмітті орнықтыратын болса, қалған амалдар жеңіл көрінетін болады.
Тәжуид деген – дыбыстардың анық айтылуын қадағалайтын белгілі ережелерді сақтай отырып, Құранның дұрыс оқылуын үйрететін ғылым. Оны үйрену – әрбір мұсылман үшін уәжіп. Өйткені, әрбір мұсылманға намаз оқу және намазда Құраннан аят немесе сүре оқу – парыз. Кейде Құран сөзінің бір әрпін дыбыстауда қате жіберу я болмаса тәжуид ережесін сақтамастан оқу салдарынан тұтастай сөздің мағынасы өзгеріп кетуі қиын. Сол себепті, аздаған уақыт тауып Құран оқуды үйренуге қадам жасау – намазға келген адамның ең абзал амалдарының бірі.
Жалғыздықтан аулақ болыңыз. Намазға келдім деген – барлық достарымды тастау деген сөз емес. Керісінше, исламдағы бауырластық – бір Аллаға құлшылық етуден кейін аталатын үлкен ғибадат. Алла разылығы үшін жақсы көретін бауырларыңыздың болуына көңіл қоя бастаңыз. Ертең, адамдар қорқып, қайғыратын Қиямет күні мұндай бауырлардың жүзінде нұр болады. Әрі Алла Тағала: «Қиямет күні Алла Тағала: «Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендер қайда? Бүгін, яғни, менің көлеңкемнен басқа көлеңке болмаған күні мен оларды Өз көлеңкеме аламын» деп айтады». (Муслим).
Сіз намаз дәмін татқаннан кейін өзгелерді де шақыра бастайсыз. Әрине, кімде-кім тегін таратылып жатқан дәмді бәлішті көрсе, жақындарына айтпай ма? Алайда, олар сізге түбегейлі қарсылық білдіруде. Қоғамның сені түсінбей, жатсынуы, жақындарыңның пікірі өзгеріп, күмәндануы, қабылдамауы – қалыпты жағдай. Мұндай кезеңді Пайғамбарлар да бастарынан өткерген. Мұндайда көркем мінезбен қаруланып, жұмсақтықты таныту – ең дұрыс шешім. Пікірталастардан, ұрыстардан қашыңыз. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, сірке суы балды бүлдіргені секілді, нашар мінез-құлық амалдарды да бүлдіреді» деген болатын. (Табарани). Ең алдымен біліміңізді кеңейтіп, иманыңызды қуаттаңыз. Ыдыс толғанда таситыны секілді, жүрек ізгі білімге толғанда, сыртқа көркем мінез-құлық болып шығады. Ата-анаңызға бұрынғыдан да үлкен құрмет көрсетіп, жақсылық жасауға асығыңыз. Ата-анаңыздың разылығы – Алланың разылығы. Сіздің бойыңыздағы жақсы өзгерістерді көрген туыстарыңыздың исламға деген махаббаты оянуы мүмкін. Қандай жағдайда да, тура жолдың (хидаят) – Алладан екенін ұмытпаңыз. Сізге иман берген Алла, оны алып қоюы да мүмкін, ал өзгелерге кез келген уақытта осы бақытты сыйлап, сізден де артық етіп қоюы мүмкін.
Сіз – мұсылмансыз, ал мұсылман – ислам дінін таныстырушы. Өзге адамдар сіз оқып жүрген Құран мен хадисті оқымайды, сіздің әрекеттеріңізді «оқиды». Жүріс-тұрысыңызда, әрекетіңізде, сөзіңізде исламға лайықты болуға талпыныңыз, Сондай-ақ, мұсылманның бір дұшпаны – сауатсыз мұсылман екендігін есіңізден шығармаңыз. Қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде өзіңіз жақсы білмейтін тақырыпта пікір айтудан, ой қосудан өзіңіздің тыйғаныңыз абзал. Бұл – өзіңіз үшін де, өзге үшін де ең тиімді шешім.
Намаз – адамды адам етіп қалыптастыратын, жүректі жандандырып, дақтан тазартатын, күнәларды шаятын, шүкірліктің үлкені және Жәннаттың кілті болатын құлшылық. Қияметте сұралатын ең бірінші амал да – осы намаз. Яғни, ұлы емтихандағы басты қаруымыз... Иманның әлсіздігі я күштілігі, Алланы, Ақыретті немесе дүниені көп ойлайтындығымыз – намазға деген қарым-қатынасымызбен анықталады. Ізгі ғұламалардың бірі: «Алланың алдындағы қадіріңді білгің келсе, мына дүниеде не істетіп қойғанына қара» деген емес пе?
Сондықтан да, осындай ұлы нығметті нәсіп еткен Аллаға деген шүкірлігіміз таусылмаса екен... Намазымызды барынша аялай білейік! Алла Тағала сіз бен бізді сәжде бақытынан айырмасын!